Q Football

Джуд Беллингем: Футбол алаңында өзімді ересек сезінемін

Джуд Беллингем: Футбол алаңында өзімді ересек сезінемін

Мадридтік «Реалдың» жұлдызы Дэвид Бекхэм мен Иэн Райттың бұқаралық ақпарат құралдарының қысымын еңсеруге оған қалай көмектескенін мойындап, Хорватия мен Испанияға қарсы матчтар қарсаңындағы ойларымен бөлісті.

«Футбол алаңында өзімді есейгендей сезінемін, өйткені 400-ге жуық матч өткіздім. Бірақ шынымды айтсам, өмірде қазір өзімді онша есейіп кеттім деп айта алмаймын», - деді Беллингем.

Сұхбатта Джуд нәсілшілдікке қатысты қауесеттер мен британ баспасөзіндегі сынға қалай төтеп беретінін де сөз етті. Оның айтуынша, Еуро-2024 кезінде Дэвид Бекхэм тікелей хабарласып, құрама ішіндегі жік туралы әңгімелерге назар аудармауға кеңес берген.

«Кейде маңыздысы - хабардың өзі емес, оны жеткізген адам. Сенің жағыңда жағдайдың жай-жапсарын білетін біреу бар», - деп Беллингем «Үш арыстанның» бұрынғы капитанының сөзінің салмағын атап өтті.

Беллингем Иэн Райттың қолдауын да ерекше атады. «Арсеналдың» бұрынғы шабуылшысы БАҚ қысымы күшейген тұстарда Джудпен жиі байланысып, медиялық шабуылдарға әрдайым дайын жүру керегін ескертіп отырған.

«Ол маған жазса, мен әрдайым қатты қобалжимын. Бірден: «Олар мен туралы не айтып қойды екен?» деп ойлаймын. Англия құрамасының ойындарында оны үнемі көремін де, міндетті түрде құшақтап аламын немесе алыстан қол бұлғап қоямын», - деді жартылай қорғаушы.

Халықаралық үзіліске Беллингем көтеріңкі көңіл күймен келді. Бұл жолы Англия құрамасына Джудтың інісі Джоб Беллингем алғаш рет шақырылды. Егер ағайынды Беллингемдер бір матчта қатар ойнаса, олар 2007 жылдан бергі ұлттық құрамадағы алғашқы бауырлар дуэті болады. Ол кезде Англия сапында Гэри мен Фил Невилл бірге алаңға шыққан еді.