Q Football

Ришарлисон «Тоттенхэмнің» жастар командасы сапында гол соқты

Ришарлисон «Тоттенхэмнің» жастар командасы сапында гол соқты
©️richarlison

«Тоттенхэм» шабуылшысы клубтың U-21 командасы сапында гол соғып, негізгі құрамнан тыс қалғанына қарамастан, кәсіби көзқарасын көрсетті.

29 жастағы бразилиялық футболшы 22 тамыздан бері негізгі команда сапында алаңға шықпаған. Ол Премьер-лига маусымына арналған өтінімге енбеген және бапкерлер штабының жоспарына кірмейді. «Трабзонспор» мен «Васко да Гамаға» ауысу әрекеттері сәтсіз аяқталып, «Эвертонмен» келіссөздер де нәтиже бермеген соң, шабуылшы ойын тәжірибесінен қағылды.

Сейсенбі күні Ришарлисон EFL Trophy турнирінде «Челтнемге» қарсы матчқа қатысты. Ол 56-минутта гол соғып, кейін пенальти сериясында да өз мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталып, пенальти сериясында «Челтнем» 7:6 есебімен жеңіске жетті.

Қарсылас команданың бас бапкері Стив Коттерилл бразилиялықтың ойынға деген көзқарасын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Ришарлисон матчқа немқұрайлы қарауы мүмкін еді, алайда кәсібилігін көрсетіп, жас футболшыларға жоғары деңгейдегі ойыншымен кездесудің тәжірибесін сыйлады.

Голдан кейін «Тоттенхэм» академиясының ойыншылары Ришарлисонның көгершінді бейнелейтін дәстүрлі гол қуанышын қайталады. Кейін футболшы Instagram парақшасында: «Өмірде ең жақсы көретін ісіммен айналысқаныма қуаныштымын. Маған осы жетіспеді!» деп жазды.