Q Football

«Бұл турнирде әлдеқайда мықты командалар бар екені анық». Румыниялық сарапшы еурокубоктағы «Қайратпен» қарсыласу туралы

«Бұл турнирде әлдеқайда мықты командалар бар екені анық». Румыниялық сарапшы еурокубоктағы «Қайратпен» қарсыласу туралы
Fc Kairat

Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде алматылық «Қайраттың» қарсыластарының бірі Румынияның «Университатя» клубы болады.

Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде алматылық «Қайрат» Румынияның «Университатя» командасымен кездеседі. Матч 10 желтоқсанда Қазақстанда, бесінші турда өтпек.

Турнир регламентіне сай, алты турдың қорытындысында үздік сегіз клуб бірден 1/8 финалға шығады. Ал 9-орыннан 24-орынға дейінгі командалар қосымша плей-офф раундында ойнайды.

Осы ойын қарсаңында румыниялық сарапшы, Golazo.ro және Hotnews.ro сайттарының журналисі Влад Неделя «Қайрат» - «Университатя» текетіресі туралы пікірін айтты. Оның сөзінше, «Университатяның» қазіргі құрамы өткен маусыммен салыстырғанда қатты өзгермеген: команданың қаңқасы сақталған, тіпті кей тұста ілгерілеу де бар. Неделя бұл ұжым еурокубоктарда біртіндеп тәжірибе жинап, мұндай матчтардың салмағын сезініп, уақыт өте күшейіп, есейіп келе жатқанын атап өтті. Дегенмен ол жарақатына байланысты Адриан Рус жоқ екенін еске салды: «Ол, сірә, олардың қорғаныс ортасындағы ең маңызды ойыншы, сондықтан оның болмауы, әсіресе осындай қиын сырт алаңдағы матчта, сөзсіз үлкен мәнге ие».

Алматыдағы ойынның сипатына қатысты журналист «Крайованы» (команданы осылай атады) прагматик ұжым ретінде сипаттады. Оның айтуынша, команда есепте алға шықса, кейін шегініп, қорғанысты нығайтып, қарсыластың тәуекелге баруын күте алады. Сонымен бірге олар допты бақылап, ойын ырғағын өзіне бағындыруға қауқарлы, бірақ кейде тым көп бос кеңістік қалдырып, қарсы шабуылда осал көрініп жатады. «Мен «Крайова» бастаманы өз қолына алуға тырысады деп күтемін, алайда «Қайрат» олардың Алматыға келіп, алғашқы минуттардан-ақ тоқтаусыз шабуылдайтынын күтпеуі керек», - деді Неделя. Оның ойынша, алаңда жағдайға қарай әрекет ететін, жақсы ұйымдасқан әрі салыстырмалы түрде сақ команда көрінеді. Сондай-ақ ол «Крайованың» мінезі құбылмалы екенін айтып, сәтті күні осы деңгейдегі кез келген қарсыласты ұта алатынын, бірақ күтпеген жерден ұтылып та қалуы мүмкін екенін жеткізді және мұны Арменияның «Араратымен» матч мысалында келтірді.

Екі команданың артықшылықтарына тоқталған сарапшы «Қайратты» онша жақсы білмейтінін айтып, толық салыстыру жасау қиын екенін жасырмады. Соған қарамастан, оның пікірінше, «Крайованың» басты қаруы - шабуыл. Ол матч тағдырын жалғыз өзі шешіп кетуге қабілетті бірнеше ойыншыны атады: Ассад Әл-Хамлави, Александру Чикылдэу, Йово Лукич, Стивен Нсимба және Штефан Баярам. «Мұндай футболшылар кез келген сәтте күтпеген әрекет жасап жібере алады», - деді ол. Неделяның айтуынша, көп нәрсе «Қайраттың» қарсыласқа ойын темпін таңуға және допқа иелік етуге қаншалық мүмкіндік беретініне байланысты: егер «Крайова» өз ырғағымен ойнаса, өте қауіпті болады. Ал «Қайрат» олардың қарқынын бұзып, румын командасы кейде қалдырып кететін бос аймақтарды тиімді пайдаланса, «Университатя» қиындыққа тап болуы мүмкін.

«Қайраттың» деңгейіне баға бергенде Влад Неделя Еуропаның осы бөлігіндегі футболдың соңғы жылдары айтарлықтай дамығанын, мұны нәтижелер де көрсететінін айтты. Ол алматылық клубты «жақсы команда» деп бағалағанымен, ерекше деңгейдегі ұжым деп атай алмайтынын жеткізді: «Бұл турнирде бұдан әлдеқайда мықты командалар бар екені анық». Ал «Крайоваға» қатысты ол бұл матчта кем дегенде бір ұпай, тіпті үшеуін де алуға тырысуы керек деп есептейді. Оның ойынша, «Қайрат» шамамен «Крайовамен» деңгейлес, сондықтан ойын өте тең өтуі ықтимал.

Қазақстандық клуб ойыншыларынан кімдерді білетіні туралы сұраққа Неделя Александру Мартыновичті көп жыл бұрын Румыния мен Беларусь құрамалары арасындағы матчтан есінде сақтағанын айтты. Ол шамамен 15 жыл бұрын болған сол кездесуде Румыния құрамасы ұзақ уақыт басымдық танытса да, соңында 0:0 есебімен тең түскенін, сол ойынның көңілсіз әсері әлі күнге дейін есінде қалғанын жеткізді. Сонымен қатар ол Офри Арадты да атап өтті: футболшы «Стяуаға» ауысқаннан кейін оның ойынын талдаған кезде мансабын және «Қайраттағы» кезеңін тереңірек қарап шыққанын, сол арқылы клубпен жақынырақ танысқанын айтты.

Алматыға сапардың қиындығына келгенде, румын журналисі ұзақ жолдың «Крайова» үшін минус екенін жасырмады. Оның айтуынша, қашықтық, ұшу және уақыт айырмасы - бәрі де ескеруді қажет етеді, бірақ бұл еурокубоктарға қатысудың бір бөлігі. Ауа райы, әсіресе желтоқсанда, одан да маңызды факторға айналуы мүмкін екенін атап өтті: ол Қазақстандағы матчтарда Еуропаның өте мықты клубтары мен құрамаларының қиналғанын талай көргенін, мұнда ауа райы жиі рөл ойнайтынын айтты. Дегенмен «матч дәл осындай жағдайда өтетінін» және «Крайова» мұны алдын ала білетінін қосып, команда жақсы дайындалып, мүмкіндігінше тез бейімделіп, қандай жағдай болса да ең үздік ойынын көрсетуі тиіс деді.

«Қайратқа» ерекше назар аудару керек ойыншыларды атағанда Неделя «Крайовада» қауіпті шабуылшылар көп екенін қайталап, екеуін бөліп айтса, Александру Чикылдэу мен Штефан Баярамды таңдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, Чикылдэу ойын темпін бақылап, алаң ортасынан-ақ сәттер жасай алады, ал Баярам кеңістік тапса және қарсыласымен бетпе-бет шықса, аса қауіпті. Бірақ ол «Қайрат» тек осы екеуіне ғана байланып қалмауы керек екенін ескертті: Әл-Хамлави мен Нсимба секілді ойыншылар да бір әрекетімен-ақ матч тағдырын шешіп кетуі мүмкін. «Крайованың» басты артықшылығы - қауіпті бір ғана ойыншы емес, бірден бірнеше футболшы төндіре алатынында», - деді ол.

Матчқа болжамын айтқан Влад Неделя ең ықтимал нәтиже тең ойын деп есептейді. Ол «Университатя Крайова» ұтылып қалмаса екен дейтінін, ал жеңіс олар үшін тамаша нәтиже болатынын атап өтті. Бірақ ұзақ жолды, Алматыдағы жағдайды және екі команданың деңгейі шамалас екенін ескеріп, тең нәтиже ең қисынды нұсқа деп түйіндеді.