Q Football

Лисандро Мартинес «Манчестер Юнайтед» басшылығын сынаған сөзіне түсініктеме берді

Лисандро Мартинес «Манчестер Юнайтед» басшылығын сынаған сөзіне түсініктеме берді

Аргентиналық футболшы ойыншылар ең алдымен өздерінен талап етуі керек екенін атап өтті.

Бір күн бұрын Чемпиондар лигасында «Атлетикоға» 0:2 есебімен жеңілгеннен кейін «қызыл шайтандардың» қорғаушысы клубтағы ахуал туралы эмоцияға беріліп пікір білдірген еді. «Бапкерлерді үнемі ауыстыра беруге болмайды, Кэррик қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ал басқа салаларда не болып жатыр? Мен көбірек инвестиция салынғанын және техникалық директордан көбірек нәтиже күтемін», – деген еді сол кезде Мартинес.

Футболшының сөзі үлкен резонанс тудырып, ол жанкүйерлерге түсініктеме беруді жөн көрді.

«Кешегі пікірім туралы айтылған әңгімелерден кейін өз ойыммен бөліскім келеді. Матчтан кейін көздеген нәтижеге жете алмағанымыз үшін ашулы әрі көңілім қалған күйде болдым. Мені білетіндер футболға құштарлықпен, жанкештілікпен және жеңіске деген зор ықыласпен қарайтынымды жақсы түсінеді. Сәтсіздік әрқашан ауыр тиеді, әсіресе «Манчестер Юнайтед» сияқты тарихы бай әрі мәртебелі клубтың намысын қорғап жүргенде», – деп жазды Лисандро.

Аргентиналықтың айтуынша, оның сөздері команданың ең беделді жүлделер үшін күрескенін көру ниетінен туған.

«Жоғары талап – менің футболды түсінуімнің және осы жейдені киген кезде сезінетін жауапкершілігімнің бір бөлігі. Көбірек нәрсе қалайтынымды айтқанда, барлығымызды біріктіруі тиіс мақсат-мұратты меңзеймін. Клуб өсіп, күшейіп, ең жоғары деңгейде бәсекелесуге қажеттінің бәріне ие болуы керек. Бұл талаптар әрқайсымызға, соның ішінде маған да қатысты», – деді қорғаушы.

Мартинес нәтиже ең алдымен футболшылардың өздеріне байланысты екенін мойындады.

«Ең бірінші кезекте біз, ойыншылар, бар күшімізді салуымыз керек, мен бұл жауапкершілікті мойныма аламын. Өзімізден одан да көп талап етіп, «Манчестер Юнайтедті» шыңға қайта көтеру үшін бірлесе еңбек етуіміз қажет. Серіктестеріме, бапкерімізге және клубтың алға басуына үлес қосып жүрген барлық адамға сенемін. Алғашқы күннен бастап мақсатым өзгерген жоқ – жеңу, ең жоғары деңгейде күресу және осы эмблема үшін бар күшімді аямау», – деп түйіндеді Лисандро.