26 жастағы футболшы үшін Фарер аралдарына қарсы 2:2 есебімен тең аяқталған Ұлттар лигасының матчы ерекше болды. Бұл ойын Әліптің Қазақстан құрамасы сапындағы 57-матчы болды.
Ақтау футболы мен «Қайрат» академиясының түлегі ұлттық командадағы алғашқы ойынын 2018 жылғы 26 наурызда Венгрияның Фелчут қаласында Болгария құрамасымен өткен жолдастық матчта (1:2) өткізген. Осы уақыт ішінде қорғаушы Молдова мен Фарер аралдарының қақпасына екі рет гол соқты.
Әліп Қазақстан құрамасы тарихында 57 және одан көп матч өткізген оныншы ойыншы атанды. Рекордшы әлі де 77 ойын өткізген Сергей Малый болып қалып отыр. Одан бір ойын кем өткізген Самат Смаков пен Исламбек Қуат екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр. Олардан кейін Руслан Балтиев (73 матч), Ян Вороговский (67), Асхат Тағыберген (65) және Бауыржан Исламхан (59) орналасқан. Нұрбол Жұмасқалиев пен Юрий Логвиненконың есебінде 58 ойыннан бар. Ондықты Әліп түйіндейді, ал 55 матч өткізген Андрей Карпович 11-орынға түсті.
