Соңғы жылдары Қазақстанда жас футболшыларды даярлау жүйесі дамып келеді. 2023 жылдан бастап QJ League турнирі өткізіліп, жекелеген клубтар өз академиялары мен жаттығу инфрақұрылымын жетілдіруге көңіл бөлуде. Дастан Сәтпаев, Жасұлан Әмір және Мақсат Әбраев ұлттық құрама сапында дебют жасады. Ал Сәтпаев мансабын лондондық «Челсиде» жалғастырады. Дегенмен әлем чемпионатына шығу үшін Қазақстанға жоғары деңгейде ойнайтын, соның ішінде шетелдік чемпионаттарда тұрақты өнер көрсететін футболшылардың тұтас буыны қажет.
Әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санының артуы да қосымша мүмкіндік туғызуы мүмкін. 2026 жылғы мундиальға алғаш рет 48 құрама қатысып, Еуропаға бөлінген жолдама саны 13-тен 16-ға дейін өсті. Алайда жаңа форматтың өзі Қазақстанға турнирге жолдама алуға кепілдік бермейді. Әлем чемпионатына қатысушылар санын 64-ке дейін көбейту мәселесі әзірге талқылау деңгейінде қалып отыр.
2026 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан Өзбекстанның тәжірибесі жастар футболын дамытып, ойыншыларды жүйелі түрде даярлаудың маңызын көрсетеді.
2030 жылғы әлем чемпионатына дейін Қазақстан құрамасының деңгейін түбегейлі өзгерту қиын. Ал 2038 және 2042 жылдардағы турнирлерге қатысты үміт көбірек. Сол кезеңде бүгінгі жас футболшылар кәсіби тұрғыдан толысып, тәжірибе жинақтауы мүмкін. Дегенмен ұлттық құраманың дебюті 2046 жылға дейін кейінге қалуы да ықтимал.
Тағы бір теориялық нұсқа — Қазақстанның Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлесіп әлем чемпионатын өткізуі. Алайда мұндай жобаны жүзеге асыру үшін стадиондарға, көлік және қонақүй инфрақұрылымына қомақты инвестиция қажет.
